Адалдың арамға айналуы

Әзіреті Әли (р.а.) намаз оқып алмаққа мешітке келеді. Мешітке кірерде түйесін сол жердегі бір жас жігітке аманат етіп табыстайды. Алайда мешіттен шыққанда байқайды, әлгі жігіт түйенің ноқтасын алып кеткен екен.
Содан ноқтасыз тағы болмайды, жаңасын сатып алуға базарға барады. Сөйтсе өзінің ескі ноқтасын бір сатушының дүкенінен көреді. Бұл өзінің жоғалтқан ноқтасы екенін сатушыға айтып түсіндіреді. Сатушы бұл жағдайға қатты ыңғайсызданады. Сатушы да ол ноқтаны қайдан алғанын айтады.

Сөйтсе оған әлгі ноқтаны бір жас жігіт 10 күміс ақшаға сатып кеткен екен. Әзіреті Әли (р.а.) қалтасынан 10 күміс ақша шығарып, ескі ноқтасын сатып алып жатып былай деген екен: «Әлгі жігіттің бұл тірлігі ұят бопты! Оған осы 10 күміс ақшаны түйеме қарағаны үшін онсыз да бермекші едім. Алайда ол адал ақшаны асығыстықпен өзіне арам етіп алды».

P.S: Құдай бұйыртпай тұрған нәрсені ешкім ала алмайды. Кісінің ұрлықпен тапқан дүниесі – оның өзіне бұйырып тұрған адал рызығын асығыстықпен арамға айналдыруы ғана.