УАЙЫМДАУҒА себеп жоқ

Әзіреті Мәулана бірде үйіне келсе баласының көңілсіз, жабырқаулы екенін байқайды. Не болғанын сұрайды. Баласы ашып ештеме айтпайды. Ары сұрайды, бері сұрайды, бала ашылмайды.

Содан соң Мәулана үйден шығып қораға кіреді де ол жерден қасқырдың терісін иығына жамылып алады. Сөйтіп үйге қайта кіріп баласына қасқыр болып төнеді. Қасқырдың кейпіне еніп арсылдайды. Бала сықылықтап мәз болады. Үйді айналып ары қашады, бері қашады. Әкесі Мәулана қасқыр болып қуады. Баланың көңілі көтеріліп, әлгі мұңды қабағынан, көңілсіз кейпінен жұрнақ та қалмайды.
Содан әзіреті Мәулана баласына:

– Балам, адам негізі қасқырды көргенде күлмейді. Керісінше үрейі ұшып, қорқыныштан тілге келмей қалады. Ал сен болсаң мәз болдың. Мұны қалай түсіндіресің? 

– Әке, қасқырдың ішінде сен барсың ғой. Мен сол үшін еш қорықпадым. Қайта қызық болды.

– Көрдің бе, балам. Өмір де сондай. Ауыр деп ойлаған кез келген қайғы мына қасқыр терісі секілді. Оның ішінде міндетті түрде жақсылық болады. Сырты үрейлі көрінгенімен, ішінде бір қайыр болады.