Ғажайып жүзік

Ертеде бір патша уәзірлерін жинап: «Маған қолымнан тастамай тағып жүретін ғажайып жүзік жасатыңдар. Ол жүзіктің ерекшелігі – оған қарағанымда тәубеме келейін, уайымға бат- сам, жұбаныш табайын», – депті. Уәзірлер елдегі зергерлер мен данышпандарды жинап, оларға патшаның қалауын жеткізеді. Содан бәрі жабылып неше түрлі жүзік жасатып, бетіне әртүрлі даналық сөздер жаздырып, патшаға ұсынады. Патша ұсынылған жүзіктің ешбірін ұната қоймайды. Тек соңғы жүзікке көзі түскенде ғана қуаныштан жүзі жадырап сала береді. «Міне, маған керегі, мен қалаған жүзік осы», – деп жүзікті саусағына тағып, қайта-қайта айналдырып қарай береді. Жүзікте «Бұл да өтеді, пәтшағар!» деп жазылған екен. Иә, сән-салтанатты патшалығы да, үкім жүргізген билігі де өтеді. Кез келген қайғылы жағдай да, қиыншылық та мәңгі емес, ол да өтеді.
Демек, оқырман бауыр, сенің де басыңа түсер кез келген қиыншылық мәңгі емес, ол да өтеді. Ендеше, өткінші нәрсені уайымдап, салың суға кетпесін. Тауың шағылып, жігерің құмға айналмасын! Жаратқаннан жәрдем тілеп, басыңды тік көтеріп, алдағы сәулелі күндерден үміт күт!

Қайрат Жолдыбайұлының КЕМЕЛ АДАМ кітабынан